ЖАС ҰРПАҚҚА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР » КГУ «Общеобразовательная школа №184» Управления образования города Алматы
Алматы қаласы Білім басқармасының
"№184 жалпы білім беретін мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 3-88-40-91
Есепші бөлімі:
+7(727) 3-08-08-71
Нашар көрушілер
нұсқасы
05
февраль
2020

ЖАС ҰРПАҚҚА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі болашағы. Сол ұрпақты саналы да білімді етіп тәрбиелеу –басты міндетіміз. Соның бірі – патриоттық тәрбие мәселесі. Бұл адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат.
Еліміздің ертеңгі сенімі – жас ұрпақтың бойына туған жерге, халқына деген сүйіспеншілікті оятып, патриоттық сезімге баулу, білімді, өнегелі ұрпақ етіп өсіру.
Патриоттық сезімнің обьектісі мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар болып табылады.
Осы орайда, №184 жалпы білім беретін мектепте жас ұрпақты тәрбиелеуде жоспарлы кешенді жұмыстар атқарылуда. Тәрбие жұмысының азаматтық-патриоттық, көпмәдениеттік бағытын нәтижелі жандандыра отырып, мектепте біршама іс-шаралар өткізілуде.

Соның бір айғағы ретінде, дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу мақсатында ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай жақан бір сәуле сөнбесін деп….» атты әдеби іс-шара өтті. Сонымен қатар, мектепте Абай Құнанбайұлына арналған Абайдың қара сөздері бар,  «Абай – қазақ халқының  рухани көсемі» деп, Елбасының айтқан керемет сөзімен жазылған бұрыш  ашылды. Бұрыштың  ашылу салтанатына Абайтанушы ғалым, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымының докторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының, «Құрмет» ордені мен «Парасат» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметов пен  аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Қабдолдин Құдайберген қатысты.
Елбасының өмірін, еңбек жолын үлгі-өнеге ете отырып, патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында, тарих пәнінің мұғалімдері ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың туған жері Үшқоңыр ауылындағы   «Президент мұражайында 8-11 сынып оқушыларына танымдық сабақ өткізсе, мектепішілік 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің ерекше тұлғалық болмысы» атты  тақырыпта іс-шара ұйымдастырылып, шараға Қарасай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры ақын Серік Қалиев, Үшқоңыр орта мектебінде «Президент әлемі» мұражайының ғылыми  қызметкері, «Менің Президентім», «Бейбітшілік пен жасампаздыққа 20 жыл» атты туындылардың авторы –  Көсемова Ақлима Рахымбердіқызы мен Теректі ықшам ауданының Ақсақалдар алқасының төрайымы Айгүл Құдабаева және «Nur Otan» партиясы Алатау ауданы филиалының Есеп және стастика секторының меңгерушісі Жарқын  Алдамбергенқызы қатысты.
Біз, ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өте отырып, Елбасымызға, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи еңбегіне құрмет көрсетеміз.
Оқушылар үшін осындай тәрбиелік мәнді істердің бірі – әр түрлі деңгейлер мен мазмұндағы тәрбиелік шаралар, мемлекеттік мерекелерді атап өту, түрлі патриоттық акцияларды ұйымдастыру мен жүргізу. Олардың ішінде жыл сайын өткізіліп отыратын ҚР Тәуелсіздік күнін тойлау ерекше орын алады.

«Тәуелсіздікке 28 жыл толу» күніне, мектепте өткен «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!» атты мерекелік кешке «Желтоқсан  көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдіқұлов Мырзағұл Тәжіғұлұлы қатысты. Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасының куәгерлері Ж.Нұрмаханбетова, Т.Жексенбаев, Т.Шубекова, Г.Әбдікәрімовамен де кездесу өткізіліп, осы іс-шара барысында мектеп оқушылары «Жас Ұлан», «Жас Қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылданды.
Тәуелсіздік – елдің биік те қасиетті ұғымдарының бірі, ал отансүйгіштік – біздің халықты біріктіретін Қазақстанның бірлігі мен жалпыұлттық идеясының негізі болып табылады.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» үндеуі аясында мектепте қазақтың асқақ рухты, ұлтжанды ұлы, жалынды жазушысы, драмматург, қазақтың атақты ақыны, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушысы Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 125 жыл толуына орай, мектепте ақынның баға жетпес мұрасын жас ұрпаққа ұлықтау мақсатында әдеби кеш және қазақ поэзиясының падишасы, әдебиет алаңындағы ең танымал муза, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай, ақынның өмір жолын, асқақ рухын  насихаттау мақсатында «Қазақтың аяулысы, перизаты, өшпейді ешқашан да Фариза аты!» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, аталарымыздың ерлігін  насихаттау, Отанға деген құрметті күшейту барысында мектебімізде Алатау ауданы әкімінің аппараты мен ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер ұйымымен бірлескен «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 30 жыл және  Ұлы Жеңістің – 75 жылдығына» орай  ұйымдастырылған әскери-патриоттық әндер байқауы аймақтық мектептер арасында өтті.
Сонымен қатар, мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімдерінің ұйымдастыруымен  өткен «Жаса, Қазақстан!» атты патриоттық әндер байқауы да балалардың бойына патриоттық сезім ұялатады.
Қазақ  халқының тарихын  ұлықтау және ұлттық құндылықтарымыз бен қасиетті жәдігерлерімізді насихаттау мақсатында «Туған жер», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында мектеп оқушылары Есік қаласындағы «Есік »
мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына барып, «Алтын адам» табылған сақтардың киелі мекені болғандықтан, осы қаланың атауының шығу тарихымен танысты. Мәдени әрі танымдық мақсатта ұйымдастырылған сабақтан оқушылар үлкен әсер ала отырып, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі оянып, нағыз патриот болуға қалыптасады.
Оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу, бұл әрбір мұғалімнің алдына қойған мақсаты, сондықтан еліміздің ерен азаматын тәрбиелеуде ерлік рухтың қосар үлесі зор. Ендеше, патриоттық тәлім-тәрбиенің басты бағыттарының бастауы десек, қателеспейміз. Қорыта айтқанда, оқушыларға патриотизм туралы ой сала білсек, үлгі көрсетсек, патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей берсек, онда заманға сай керекті азамат, отансүйгіш, елсүйгіш азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз.

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: